Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Каспий теңізінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. ІІМ мәліметінше, экс-бас қолбасшы қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген. Қамауға алынардан бірнеше күн бұрын ол қызметінен босатылған еді.
Ішкі істер министрлігі adam.dar media редакциясына хабарлағандай, ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысын, 1-дәрежелі капитанды ұстаған. Алдымен ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін сот оны қамауға алуға санкция берді.
ІІМ ұсталған адамның аты-жөнін ресми түрде атаған жоқ. Алайда ведомство көрсеткен лауазым мен әскери шен бұрынғы ӘТК бас қолбасшысы Қанат Ниязбековтің деректерімен сәйкес келеді. 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ниязбековті Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатқан.
Қайғылы оқиға алдында жаттығуды дәл өзі басқарған
Ниязбеков Қазақстан Әскери-теңіз күштерін 2025 жылғы 15 тамызда басқарды. Оған дейін ол Бас штаб бастығы — ӘТК бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
2026 жылғы 22 қыркүйекте Каспий теңізінде ауқымды «Хазар Қорғаны-2026» оқу-жаттығуы басталды. Оған 500-ден астам әскери қызметші, әскери кемелер, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті мен Әуе қорғанысы күштері қатысты.

Оқу-жаттығуға ӘТК бас қолбасшысы Қанат Ниязбековтің өзі жетекшілік еткен. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі ресми түрде хабарлаған.
Екі күннен кейін, 24 қыркүйекте қайғылы оқиға болды: ауа райының күрт нашарлауынан әскери қызметшілерді Каспий теңізіне ағызып әкеткен. Барлығы 17 адам суға түсті. Үшеуін құтқарып қалды, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Кеме командирінің көмекшісінен бүкіл флоттың басшысына дейін
Қанат Ниязбеков Семей облысының, қазіргі Абай облысының Аягөз қаласында дүниеге келген.
1994 жылы Алматыдағы Республикалық әскери мектеп-интернатын, 1999 жылы Балтық әскери-теңіз институтын теңіз техникасын басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне байланысты мамандық бойынша тәмамдаған. 2010 жылы адмирал Н.Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын әскери бөлімдер мен құрамаларды басқару бағыты бойынша бітірген.
Ниязбеков әскери қызметін ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдерінде күзет кемесі командирінің көмекшісі болып бастаған. Кейін Бас штаб бастығы — ӘТК бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, 2025 жылғы тамызда Қазақстанның бүкіл әскери флотын басқарды. 1-дәрежелі капитан әскери шенін 2016 жылы алған.
2025 жылғы мамырда, ӘТК бас қолбасшысының бірінші орынбасары кезінде, Ниязбеков Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен «Каспий самалы-2025» оқу-жаттығуын басқаруға қатысқан.
«Хазар Қорғаны-2026» жаттығуындағы қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігі жүйесінде бірқатар қылмыстық іс қозғалып, лауазымды тұлғалар ұсталып, кадрлық шешімдер қабылданды. 3 қазанда Ниязбеков қызметінен босатылды. Енді ІІМ бұрынғы ӘТК бас қолбасшысының қызметіне салғырт қарау дерегі бойынша қамауға алынғанын хабарлады.
«Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», — деп толықтырды Ішкі істер министрлігі.